Алматыда хирургтер күніне 4 энергетикалық сусынға дейін ішкен жас жігіттің өмірін аман алып қалды

    Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына іштің қатты ауыруымен жас жігіт жеткізілді.

    Тексеру нәтижесінде перитонитпен — құрсақ қуысының қауіпті қабынуымен асқынған асқазанның тесілген ойық жарасы анықталды.

    «Тесілген ойық жара — асқазан қабырғасында тесік пайда болуымен сипатталатын асқыну. Бұл тесік арқылы асқазанның ішіндегісі құрсақ қуысына өтіп, қабыну үдерісін туындатады. Мұндай жағдай шұғыл медициналық көмекті қажет етеді», — деп түсіндіреді ОҚКА хирургі Ілияс Сағиев.

    Науқасқа дереу операция жасалды: хирургтер асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартты. Емдеуден кейін ер адамның жағдайы жақсарып, ол хирургтің бақылауымен үйіне шығарылды.

    Науқастың айтуынша, бірнеше ай бойы ол күн сайын 3–4 банка энергетикалық сусын ішкен.

    Дәрігерлердің энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтыну асқазан-ішек жолының жұмысына кері әсер етіп, қыжыл мен жүрек айну сияқты белгілердің пайда болуына немесе күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

    Әсіресе асқазан ауруларымен, соның ішінде ойық жарамен ауыратын адамдар тамақтануына ерекше көңіл бөлгені жөн.

    «Бұл науқаста ойық жараның тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айтуға болмайды. Алайда оларды көп мөлшерде тұтыну ұсынылмайды, әсіресе асқазан аурулары болған жағдайда», — деп атап өтті Ілияс Сағиев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары