Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында таран сүйегінің сирек кездесетін жарақаты — ротациялық ығысуы бар пациентке операция жасалды. Бұл жарақат хирургиялық араласудың жоғары дәлдігін талап етеді.
Мұндай жарақат күрделі болып саналады, өйткені таран сүйегі тобық буынының қызметінде және адамның жүруінде маңызды рөл атқарады. Хирургтердің негізгі міндеті — сүйекті дұрыс анатомиялық қалпына келтіріп, оның сенімді бекітілуін қамтамасыз ету.
Операцияны травматолог-ортопед Қанат Тәукелов жасады. Операция барысында сүйек анатомиялық тұрғыдан дұрыс орнына келтіріліп, спицалармен бекітілді.
Мұндай операциялар мұқият диагностиканы, әр кезеңде жоғары дәлдікті және емдеудің жеке тәсілін талап етеді.
Пациентке МӘМС шеңберінде госпитализация порталы арқылы мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді.
Бұл жағдай Алматы қаласының қалалық травматология-ортопедия қызметінің сирек кездесетін және техникалық тұрғыдан күрделі жарақаттарды емдеу мүмкіндіктерін көрсетеді.








