18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы күтуге байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы

    Қазақстан Республикасында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осындай қолдау шараларының бірі – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға материалдық көмек көрсетуге арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

    Жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Әлеуметтік кодексімен және 2023 жылғы 9 маусымдағы № 215 бұйрықпен бекітілген Қағидалармен реттеледі.

    Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталған жағдайда, жәрдемақы алу құқығына 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасының біреуі, бала асырап алушысы, қорғаншысы немесе қамқоршысы ие болады.

    Жәрдемақы уәкілетті органға өтініш берілген күннен бастап тағайындалады және балаға мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге төленеді.

    Жәрдемақыны рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгіну немесе электрондық үкіметтің eGov.kz порталы арқылы өтініш беру қажет. Балаға мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне де жүгінуге болады. Заңнамада көзделген жағдайларда жәрдемақы проактивті қызмет арқылы тағайындалуы мүмкін.

    Жәрдемақы мөлшері күнкөріс деңгейінің 1,61 еселенген мөлшерін құрайды, бұл 2026 жылы 81 871 теңгеге тең.

    Мемлекеттік қолдаудың мақсаты – отбасыларға көмек көрсету, мүгедектігі бар балаларға тиісті күтім жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары