Мақат ауданында көпбалалы 12 отбасына жаңа үйлердің кілті табысталды. Оның тоғызы Доссор кентінен, үшеуі Мақат кентінен берілді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Азамат Мәмбетов жаңа баспана иелерін құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
– Жаңа баспанаға ие болу – әр отбасы үшін үлкен бақыт әрі маңызды оқиға. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау, олардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әр шаңырақта қуаныш пен шаттық орнап, жаңа үйлеріңіз құт-берекеге толсын! – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол тұрғындарды әлеуметтік қолдау және баспанамен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Айта кетейік, жыл басынан бері Мақат ауданында әлеуметтік осал санаттағы 48 отбасы баспаналы болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









