Атырау облысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында электр энергетикасын дамытудың 2034 жылға дейінгі жоспары әзірленді.
Құжатта жалпы қуаты 1 290 МВт болатын бес ірі жобаны іске асыруды көзделген. Генерацияны күшейтуге деген қажеттілік электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты туындап отыр. Оның ішінде жаңа өнеркәсіптік жобалардың сұранысы да бар.
Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков баяндағандай, өңірдегі электр энергиясын өндіру көлемі — 1 266 МВт. Жаз мезгілінде көршілес энергия тораптардан алынатын қосымша электр энергиясын 220–270 МВт шамасында болады.
2030 жылға дейін бес жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр: қуаты 250 МВт-тан болатын «Sterna Power» ЖШС мен «Hualin Energy Ltd» бу-газ қондырғылары, Атырау ЖЭО-ны 210 МВт-қа кеңейту, қуаты 330 МВт «KUS» ЖШС БГТЭС құрылысы, қуаты 250 МВт «Батыс Каспий Энерго» ЖШС жел электр станциясы.
Сонымен қатар «KEGOC» АҚ-мен бірге желілік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Ұзындығы 604,3 шақырымдық, кернеуі 500 кВ электр беру желісінің құрылысы Батыс аймақты Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру жұмыстарын 2027 жылы аяқтау көзделген.
Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінің елді мекендерін электрмен жабдықтауға ерекше назар аударылды. Бүгінде тоғыз елді мекен электр энергиясын Ресей Федерациясынан алып отыр. Бұл орайда екі нұсқа қарастырылуда: газ-поршеньді электр станциясын салу немесе ұзындығы 205 км болатын 110 кВ-тық жоғары вольтты электр беру желісін тарту.
– Энергетиканы дамыту тұтынудың болашақтағы өсімін ескеріп, содан бұрын жүруі тиіс. Жобалардың уақытында іске асырылуын қамтамасыз ету, дербес генерациялау қуаттарын арттыру және елді мекендерді электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру қажет. Сөйте тұра, халыққа тариф жағынан қосымша салмақ түспеуі тиіс, — деді облыс әкімі Болат Ақшолақов.
Жиында 2024–2040 жылдарға арналған өңірлік газ балансы да қаралды. Аймақ басшысы газ өндіру мен тұтыну балансын талдауды, алдағы уақыттағы сұранысты және өз өндірісін арттыруға қажет инвестицияларды айқындауды тапсырды.
Облыс әкімі жиынды қорытындылап, бейінді басқармаларға энергетикалық жобаларды пысықтауды, генерациялаушы қуаттар мен желілік инфрақұрылымның үйлесімді дамуын қамтамасыз етуді, энергетикалық ресурстардың өңірлік балансын нақтылауды жүктеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









