Жезқазғанда «Жастар» саябағын ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Аумағы 6,4 гектарды құрайтын саябақта демалыс орындары, спорт және балалар ойын алаңдары бар заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер тартылып, аумақ абаттандырылып жатыр, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Саябақты жаңғырту жұмыстары «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Қайта жаңғырту жобасы аясында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын, балалар ойын алаңдарын, спорт аймақтарын, демалыс орындары мен субұрқақ салу көзделген. Аумақты көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жасыл желектерді күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі орнатылады.
Жаңартылған саябақтың басты ерекшеліктерінің бірі – Жезқазғанның өнеркәсіптік мұрасы мен ғарышты игеру тарихымен байланысын бейнелейтін сәулеттік тұжырымдамасы. Мұнда мыс өнеркәсібі мен ғарыш тақырыбына арналған арт-нысандар пайда болады. Олар қаланың тарихи ерекшелігін және Қазақстан өнеркәсібінің дамуына қосқан елеулі үлесін айшықтай түседі.
Саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жұмыс барысында құрылыс сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және ұзақ мерзім пайдалануға арналған инфрақұрылым қалыптастыруға баса назар аударылып отыр.
Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін «Жастар» саябағы Жезқазған тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ. Мұнда отбасымен уақыт өткізуге, спортпен шұғылдануға, серуендеуге және түрлі іс-шараға қатысуға мүмкіндік жасалады. Саябақтың жаңаруы қалалық ортаның жайлылығын арттырып, тұрғындардың демалысы үшін қосымша жағдай жасауға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









