Ұлытау облысында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 5 248 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты Ұлытау облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында Жедел басқару орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орталық операторлары қала аумағына орнатылған бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындар мен жолдардағы жағдайды үздіксіз қадағалайды.
Бейнебақылау жүйесінің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзу, қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер және басқа да құқық бұзушылықтар анықталады. Сонымен қатар камералар арқылы қоқысты белгіленбеген орындарға тастау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері тіркеледі.
Жедел басқару орталығына тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ететін «Көршілер бақылауы» Telegram чаты да қосылған. Операторлар чатқа келіп түскен хабарламаларды бақылап, тиісті ақпаратты жедел әрекет ету үшін полиция экипаждарына жолдайды.
Бұдан бөлек, 102 нөміріне келіп түскен азаматтардың хабарламалары қабылданып, полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жіберіледі.
Полиция департаментінің мәліметінше, бейнебақылау жүйесін пайдалану құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, олардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









