Сәтбаев қаласында көпқабатты тұрғын үйдің кіреберіс есігін қасақана бүлдірген азамат сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты Ұлытау облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы хабарлама «Көршілер бақылауы» чатына келіп түскен. Учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушының жеке басын анықтап, тиісті материалдарды сотқа жолдаған. Іс сотта қаралғанға дейін ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Көршілер бақылауы» чаты тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қала тұрғындары құқық бұзушылықтар, күмәнді жағдайлар және басқа да мәселелер туралы жедел хабарлай алады. Мұндай кері байланыс тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде әрекет етіп, қажетті шаралар қабылдауға көмектеседі», – деп атап өтті Ұлытау облысының Полиция департаменті.
Жоба тұрғындар мен полиция арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ аулалар мен көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









