Арқалық қаласында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының 35 жылдығына орай жастарға құқықтық тәрбие беруге, заңға деген құрметін қалыптастыруға және прокурорлық қызметке қызығушылығын арттыруға бағытталған «Прокурор ізбасарлары» клубының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, құрметті қонақтар, сондай-ақ қысқа әзіл-сықақ бейнероликтер арқылы жастарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен таныстырып, құқықтық білімді қолжетімді форматта насихаттап жүрген танымал блогер Берік Әлпішев қатысты.
Салтанатты кездесу барысында прокуратура органдарының қалыптасу және даму тарихына, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – жастардың «Прокурор ізбасарлары» клубының қатарына салтанатты түрде қабылданып, ант беру рәсімі болды.
Арқалық қаласының прокуроры Нұржан Тұрысбеков өз сөзінде прокуратура ардагерлерінің көпжылдық еңбегі, кәсібилігі мен қызметтік борышына адалдығы жас ұрпаққа үлгі болып, прокурорлық қызметтің озық дәстүрлері мен құндылықтарының сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Прокурор ізбасарлары» клубының ашылуы «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастардың заңға деген құрметі мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Қостанай облысының прокуратурасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.





