1 / 16
ЖЕТІСАЙДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ!» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФУТБОЛ БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ
Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылғанына 35 жыл толуына орай Жетісай ауданында «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ!» ұранымен 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан облыстық ашық біріншілік өтті.
Жетісай ауданы прокуратурасының үйлестіруімен, «Ой қамшы» әдеби, тарихи, білім жобасының, Ауған соғысы ардагерлері мен аудан ардагерлерінің қолдауымен 3–6 қараша аралығында өткен дүбірлі додаға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан, атап айтқанда, Түркістан, Леңгір қалалары, Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарының командалары, сондай-ақ «Бүркіт», «Нұрболыс», «Қызылқұм», Жетісай аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «АРМАНС» командалары мен «Жетісай спорт клубының» жас футболшыларынан жасақталған 16 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай, «Ой қамшы» әдеби, тарихи, білім жобасының жетекшісі Бақтығали Нұрымбетов пен Мақтаарал және Ордабасы аудандарының құрметті азаматы, спорт жанашыры Құнанбай қажы Мусаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен ардагер спортшылар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған азаматтар спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталып, жастарды сапалы білім алуға, заң мен тәртіпті құрметтеуге, нашақорлық пен есірткіден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытты тиімді пайдалану және спортпен тұрақты шұғылданудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Төрт күнге созылған тартысты бәсекеде жас футболшылар өздерінің шеберліктерін, командалық бірлігін, жеңіске деген жігері мен табандылығын көрсетті. Әр кездесу көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тартысқа толы сәттерімен есте қалды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ІІІ орын «Жетісай спорт клубы» командасына, ІІ орын Жетісай аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, І орын Түркістан қаласының командасына бұйырды.
Барлық жеңімпаздар демеушілердің арнайы кубоктарымен, медальдарымен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Аталған біріншілік – жасөспірімдердің спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, ұйымшылдық пен тәртіп секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тағылымды шара болды. Өйткені, заң мен тәртіпті құрметтейтін, зиянды әдеттерден аулақ, спортты серік еткен ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









