ЖЕТІСАЙДА ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ

    1 / 15
    ЖЕТІСАЙДА ЖАС БОКСШЫЛАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
    Жетісай төрінде 2012–2013 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ұлағатты ұстаз, білікті басшы, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Бектеміров Нарзулла Амандықұлының жүлдесіне арналған бокстан республикалық ашық біріншілік басталды.
    Халықаралық «WORDBOXING» ережесі аясында «Жетісай спорт клубы» КММ ұйымдастыруымен түндігі түрілген жарысқа көршілес Өзбекстан Республикасынан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 командада 200-ге жуық жас спортшы 33, 35, 37, 40, 43, 46, 49, 52, 55, 58, 61, 64, 67, 70 және +70 келі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады.
    Біріншіліктің ашылу салтанатына Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев пен «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, Орта Азияға белгілі палуан Жасұзақ Сыдықов пен сот саласының үздігі, ардагер спортшы Құнанбай Мұсаев, әнші-ақын Серік Құлтаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
    Шара барысында спорттық мансабында Олимпиада шыңын бағындырып қана қоймай, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанған, Өзбекстан Республикасының жеті дүркін чемпионы, «Өзбекстан мақтанышы» құрметті атағының, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бақыт Сәрсекбаев жас өрендерге арнайы шеберлік сағатын өткізіп, өзінің мол тәжірибесімен, бокстың қыр-сырымен бөлісті. Жас спортшыларға техникалық әдіс-тәсілдерді меңгерудің, табандылық пен тәртіптің, жеңіске деген жігердің маңызын түсіндірді. Бұл – жас боксшылар үшін үлкен спорттың майталманынан тәлім алып, шеберліктерін шыңдауға берілген тамаша мүмкіндік болды.
    Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, отандық спорттың мәртебесін көтеруге, дарынды боксшыларды анықтау мен үлкен спортқа қадам басуларына жол ашу мақсатында «Бабалар рухы – ұрпаққа аманат» ұранымен өтіп жатқан жарыс 6 күнге жоспарланған.
    «Бұл дода – жай ғана жарыс емес, жас ұрпаққа рух беріп, чемпиондыққа жол ашатын үлкен спорт мектебі. Шаршы алаңда бақ сынаған жас өрендердің арасынан ертең ел намысын әлемдік ареналарда қорғайтын Олимпиада чемпиондары шығарына сенім мол!» дейді «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары