ИМАМДАРМЕН ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    1 / 14
    ИМАМДАРМЕН ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
    Жетісай ауданында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, діни тұрақтылықты сақтау және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту мақсатында аудан мешіттерінің имамдарына арналған семинар-кеңес өтті.
    Аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастыруымен өткен басқосуға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбілдаев пен Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, ауданның бас имамы Бағдат Шаймерден қатысты.
    Семинар барысында Медет Халықов дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталып, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді сақтау мәселелерін түсіндіріп, діни оңалту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, рухани орталықтарды бекітілген бас жоспарға сәйкес салу мәселелеріне тоқталды. Қойылған сұрақтарға жауап беріп, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
    Сонымен қатар, басқосуда отбасы тәрбиесі мен жастардың рухани дамуына да басымдық берілді. Қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақтың бойына ізгілік пен жауапкершілікті сіңіру, имандылықты насихаттау бағытында пікірлер айтылды.
    «Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – дін өкілдерінің мемлекеттік саясаттың басым бағыттары жөніндегі түсінігін кеңейтіп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстардың маңызын айқындау» дейді облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары