ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

    1 / 25
    ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
    Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақтылы мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасатындықтан бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған шағында әрбір ата-ананы ойландыратын да осы ұрпақ тәрбиесі болуы тиіс.
    Осыған орай, Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ұлт болашағы саналатын ұрпақ тәрбиесіне, дін мен дәстүрді түсіндіруге арналған кездесулер болып өтті.
    Жетісай қаласындағы Жетісай жоғары медицина колледжінде бастау алған кездесулер Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен және ұстаздарымен, №75 жалпы орта мектебінде аудан ұстаздарымен өтті.
    Аталмыш кездесулерге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташева мен бөлімнің бас маманы Бекарыс Әбілдаев, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов қатысты.
    Аталмыш басқосуларда мамандар тарапынан жас ұрпақ тәрбиесінде діни тәрбиенің жеке адам мен қоғам үшін қажеттілігі, ислам дінінің бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретіп, жауапкершілік сезімі мен мінез-құлықты қалыптастыратындығы, шет елдерде діни білім алу мен әлеуметтік желілерде рұқсат етілмеген уағызшылардың бейнеролиектерін, мағынасы белгісіз арап тіліндегі түрлі инфобаннерлерді таратудың құқықтық жауапкершілігі, жастарға мектеп пен жоғары және арнаулы орта оқу орындарында берілетін тәрбиенің маңызы, дін мен дәстүр сабақтастығы, тәрбие мен тәртіп, адами қасиеттер мен теріс мінез-құлық мәселелері кеңінен сөз болды. Мемлекет пен ұлттың тұтастығына қауіп төндіріп жүрген түрлі деструктивті діни ағымдар жайында жан-жақты мысалдар мен дәлелдемелер келтіріліп, аражігі ажыратылып түсіндірілді.
    «Біз халықтың нақылынан сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз.
    Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы, иманды да діни сауатты етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен осындай кәсіби мамандардың дәрістеріне сүйене отырып ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларын жастардың санасына сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, ұлдарымыздың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы, қыздарымыздың бойында инабаттылық пен имандылықты қалыптастыру – аға буынның міндеті» дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбілдаев.
    Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісай ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары