1 / 34
ЖЕТІСАЙДА ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен, мемлекеттігіміздің қалыптасу тарихындағы айрықша маңызға ие ұлттық мереке. Соңғы 4 жылдан бері ұлттық мереке мәртебесіне қайта ие болған бұл күн – халқымыздың азаттыққа ұмтылған асқақ рухы мен тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын бейнелейтін қастерлі дата.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, елдігіміздің берік іргетасына айналды. Тарихи құжатта еліміздің аумақтық тұтастығы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті және халықаралық қатынастардағы дербестігі секілді маңызды қағидаттар айқындалды. Сондықтан, Республика күні – ұлттық мемлекеттілігіміздің бастауы мен азаттыққа деген ұмтылысымызды айшықтайтын тарихи мереке.
Елдіктің еңсесін көтеріп, отаншылдық рухты ұлықтайтын айтулы мереке Жетісай ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті.
Қолөнер бұйымдары мен кітап, сурет көрмесі жұртшылық назарына ұсынылған мерекелік шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудан зиялылары, еңбек ардагерлері мен жергілікті тұрғындар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен сан саланың үздіктері қатысты.
«Ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болған, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан айтулы мереке бәріміз үшін қасиетті де қастерлі. Ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы бола білген бұл күн – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан күні.
Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел болып танылды» деген аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Мемлекеттік тарихымыздағы мерейлі мерекеге арналған салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әуелеген патриоттық әндер мен өнерпаздардың жарқын өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Осылайша, Жетісайда Республика күні елдік пен бірліктің, отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтардың мерекесі ретінде кеңінен аталып өтті. Тарихы терең, тағылымы мол бұл күн әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына деген сенімін нығайта түсті.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









