1 / 15
МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 150 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
«Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары баға беруінің өзі айтулы мерекенің мән-маңызын айшықтап, маңыздылығын көрсетіп-ақ тұр.
Мемлекеттің қалыптасу тарихы ұлықталып, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын мереке қарсаңында Жетісай ауданының Жылы су ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Өткен жылы қазығы қағылған мәдениет үйі заманауи үлгіде бой көтеріп, 150 орындық көрермен залымен, 18 оқырманға арналған кітапханасымен және 10 мың кітап қорымен қамтылған. Кез-келген деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған музыкалық аппаратуралар, LED экранмен жабдықталған. Үлкен тенниске арналған заманауи корд бар. 5 мыңға тарта тұрғыны бар ауылдық мәдениет үйінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Біз ауданымыздың мәдениеті мен спортын дамыту ісін ешуақытта назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені, ұрпағымыздың саламатты Қазақстанда, мәдениетті ортада өсуі, ата-бабамыздың сан ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырған құндылықтарын қастерлеу – бүгінгі біздің бұл салаға қалай көңіл бөліп, қамқорлық жасауымызға тікелей байланысты» деді аудан басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, соңғы 4 жылда аудан әкімінің тікелей бастамасымен Қ.Сәтпаев, Мырзашөл, Атақоныс және Қазыбек би ауылдық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтсе, Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақта заманауи кітапхана мен музей, мәдениет сарайы құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Асықата кенті мен Арай ауылдық мәдениет үйлеріне жергілікті қазынадан қаралған қаржы есебінен тиісті құжаттар жасалуда.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









