Құтыру: өмірді сақтайтын қадамды кейінге қалдырмаңыз
«Жарасы кішкентай ғой, өзі жазылып кетеді». Жануар тістегеннен кейін осылай ойлап, дәрігерге баруды кейінге қалдыратындар бар. Алайда көзге елеусіз көрінген жараның өзі қауіпті инфекцияның енуіне жол ашуы мүмкін. Құтыруға қатысты ең маңызды қағида — аурудың белгісін күтпей, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.
Құтыруадам мен жануарлардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті вирустық ауру. Ол ауру жануардың сілекейі арқылы, көбіне тістеген немесе тырнаған кезде жұғады. Сілекейдің зақымдалған теріге, көздің немесе ауыздың шырышты қабығына түсуі де қауіпті. Инфекцияны иттер, мысықтар және жабайы сүтқоректілер таратуы мүмкін. Сондықтан сақтық тек қаңғыбас жануарларға қатысты емес, үй жануарларымен қарым-қатынаста да қажет.
Аурудың бастапқы белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Дене қызуы көтеріліп, тістеген жер ауыруы, шаншуы немесе күйдіру сезімі пайда болуы ықтимал. Кейін жүйке жүйесі зақымданып, қозу, судан қорқу, қимыл үйлесімінің бұзылуы байқалады. Кейбір науқастарда салдану дамиды. Құтырудың клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін ауру дерлік әрқашан өлімге әкеледі. Бірақ уақтылы жүргізілген профилактика оның дамуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Жануар тістесе немесе тырнаса, алғашқы әрекет қандай болуы керек? Ең алдымен жараны дереу сабынмен және мол сумен кемінде 15 минут мұқият жуу қажет. Одан кейін шұғыл түрде медициналық ұйымға жүгіну керек. Жараны жуу — маңызды алғашқы көмек, алайда ол дәрігер тағайындайтын профилактиканы алмастырмайды.
Медицина қызметкері жануармен байланыс жағдайын бағалап, құтыруға қарсы вакцинацияның қажеттілігін анықтайды. Көрсетілімдер болған кезде құтыруға қарсы иммуноглобулин де енгізіледі. Тағайындалған екпелерді белгіленген мерзімде алып, курсты өз бетінше тоқтатпау маңызды. Жануарды бақылауға мүмкіндік болғанның өзінде, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдыруға болмайды.
Қауіптің алдын алу күнделікті жауапкершіліктен басталады. Үй жануарларына құтыруға қарсы екпені уақтылы салдыру, қаңғыбас және жабайы жануарларға жақындамау қажет. Жануардың сырттай сау көрінуі оның қауіпсіз екеніне кепіл болмайды. Балаларға бейтаныс ит пен мысықты сипамауды, қолға алмауды және тістеу не тырнау жағдайын ересектерге бірден айтуды түсіндірген жөн.
Құтырудан қорғануда уақыттың маңызы зор. «Ертең барамын» деп созбай, жараны дереу жуып, медициналық көмекке жүгіну өмірді сақтап қалатын шешім.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









