Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

    «Мектепке дейінгі ұйымдарғақойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»

    Мектепке дейінгі ұйымдар – балалардың дене және психикалық дамуы қалыптасатын, алғашқы әлеуметтік дағдылары жетілдірілетін маңызды білім беру ортасы. Балалардың денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру үшін мектепке дейінгі ұйымдарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы ерекше маңызға ие.

    Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген негізгі құжатпен реттеледі.

    Санитариялық талаптар мектепке дейінгі ұйымның орналасу орнын таңдаудан бастап, ғимаратты жобалау, пайдалану, жөндеу, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету және балалардың күнделікті өмірін ұйымдастыруға дейінгі барлық үдерістерді қамтиды.

    Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақша аумағы қоршалып, таза ұсталады. Кіру жолдары, қоқыс жинайтын алаңдарға апаратын жолдар тазалауға қолайлы қатты жабынмен жабдықталуы тиіс.

    Жобалау кезінде әрбір жас тобына жеке ойын алаңдарын қарастыру қажет. Ойын алаңының көлемі әр балаға кемінде 4 м² есебімен белгіленеді. Әрбір топтық алаңда күн мен жауын-шашыннан қорғайтын, үш жағынан қоршалған, көлемі кемінде 20 м² көлеңкелі қалқа көзделеді. Қалқаның едені ағаштан жасалуы тиіс.

    Балалар болатын және медициналық мақсаттағы үй-жайларды ғимараттың жертөле немесе цоколь қабаттарында орналастыруға жол берілмейді. Медициналық кабинет пен изолятор бірінші қабатта орналасуы тиіс. Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауру белгілері байқалған жағдайда тиісті шараларды жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Мектепке дейінгі ұйымдардың барлық бөлмелері, жабдықтары мен аумағы таза болуы керек. Санитариялық қағидаларға сәйкес, ұйымдарда жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Авариялық жағдайларды жою қажеттілігін қоспағанда, балалар болған кезде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.

    Мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтану жағдайларын, өнімдерді сақтау мерзімдерін, тағам дайындау технологиясын және дайын тағамның сапасын күн сайын бақылау көзделеді. Мұндай бақылау тағамнан уланудың және тамақ арқылы таралатын инфекциялардың алдын алуға бағытталған.

    Балаларға қауіпсіз, таза және қолайлы орта қалыптастыру олардың денсаулығын сақтауға, толыққанды дамуына және болашақта салауатты өмір салтын ұстануына негіз болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары