e-SEN: санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық мүмкіндіктері

    e-SEN: санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық мүмкіндіктері

    Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда ақпараттың өзекті әрі қолжетімді болуы маңызды. Объект туралы мәліметтерді жинау, зертханалық зерттеулер нәтижелерін қарау және есептерді ұсыну жұмыстарының электрондық форматқа көшуі осы міндеттерді жеңілдетеді. Бұл бағытта [e-sen.kz](https://e-sen.kz/) порталындағы «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» ақпараттық жүйесі қолданылады. Жүйе бақылау және қадағалау процестерін автоматтандыруға, бақылауға жататын объектілер мен өнімдер туралы деректерді басқаруға арналған.

    Жүйенің негізгі мақсаты санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық деректер банкін қалыптастыру, жағдайды бағалау мен болжауға жұмсалатын уақытты қысқарту және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға жағдай жасау. Мәліметтердің бір ортада жинақталуы мамандарға қажетті ақпаратпен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

    Кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

    Ақпараттық жүйеде кәсіпкерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қызметкерлеріне арналған жеке кабинеттер бар. Онда объектінің рұқсат беру құжаттары, персоналы, медициналық қарап-тексерулері, өндірістік бақылауы және айыппұлдары туралы мәліметтер қамтылады. Сондай-ақ кәсіпкерлер өндірістік бақылау жөніндегі есептерін электрондық түрде ұсына алады. Бұл мемлекеттік орган мен бизнес арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетуге бағытталған.

    Жүйеде бақылауға жататын объектілер мен субъектілердің тізілімі, сондай-ақ талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер тізілімі қарастырылған. Порталдағы өнімді тексеру мүмкіндігі тиісті тізілімдегі ақпаратпен танысуға көмектеседі.

    Жүйеге қалай кіруге болады?

    Пайдаланушы [e-sen.kz](https://e-sen.kz/) порталына өтіп, қолжетімді авторизация тәсілдерінің бірін таңдай алады. Кіру бетінде ЖСН/БСН мен құпиясөз, электрондық цифрлық қолтаңба және eGov Mobile қосымшасы арқылы QR-кодпен кіру тәсілдері көрсетілген. ЭЦҚ арқылы кіру үшін NCALayer бағдарламасы қажет. Пайдаланушыларға көмек ретінде жиі қойылатын сұрақтар, бейненұсқаулықтар және техникалық қолдау бөлімдері ұсынылған.

    Жүйемен жұмыс істеуді бастамас бұрын порталдағы бейненұсқаулықтармен танысып, қажетті әрекеттерді кезең-кезеңімен орындаған жөн. Объект туралы мәліметтерді өзекті күйде ұстау және есептерді уақтылы ұсыну электрондық өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары