«Бақылау сатып алуы» шеңберінде тергеп-тексеру жүргізу»
Бақылау сатып алуы (БС) шеңберінде тергеп-тексеру жүргізу - өнімді зерттеу нәтижелері бойынша адам өмірі мен денсаулығына,
сондай-ақ қоршаған ортаға нақты қауіп төндіретін қауіпті немесе сапасыз өнім анықталған жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
(СЭБ) органдары қабылдайтын шаралар.
Бақылау сатып алуы- мемлекеттік органдар өнімнің (тауардың) қауіпсіздігін және белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында оны
сатып алатын профилактикалық бақылаудың дербес түрі.
Сатып алу бақылау және қадағалау органының басшысы қабылдаған шешім негізінде жүргізіледі. Бұл шешім міндетті түрде құқықтық
статистика органдарында(Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитетінде)
тіркеледі. Сатып алуды жүргізуге негіз ретінде өнімнің сатып алу жоспарында болуы(мысалы, тауардың талаптарға сәйкес келмейтін
өнімдер тізілімінде тіркелуі себеп болуы)мүмкін.
Тергеп-тексеру - бұзушылықтың немесе қауіпті тауардың сауда сөрелерінде пайда болуының себептері мен жағдайларын анықтауға
бағытталған бақылаудың дербес нысаны. Оның барысында олқылықтың қай кезеңде орын алғаны (өндіру, тасымалдау немесе сақтау
кезінде) анықталады, сондай-ақ бұған жол берген барлық кінәлі бақылау және қадағалау субъектілері белгіленеді. Бұл ретте шетелдік немесе
отандық өндірушіден және импорттаушыдан бастап түпкілікті дистрибьюторға дейінгі өнімді жеткізу тізбегі қарастырылады.
Тергеп-тексеру жүргізу тетігі Қазақстан Республикасының (ҚР) Кәсіпкерлік кодексінің 144-4-бабы 3-тармағының 6)
тармақшасымен регламенттеледі.
Тергеп-тексеруді жүргізу қағидалары, мерзімдері, кәсіпкерлік субъектілеріне хабарлама беру нысандары және актілерді ресімдеу тәртібі
Қазақстан Республикасының салалық заңнамасымен, оның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексімен және
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 46 бұйрығымен бекітілген «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық
саламаттылығы саласында бақылау сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен» қатаң регламенттеледі.
Нарықты қауіпті және жалған өнімдерден қорғау мақсатында акт жасалып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Қауіпті тауарға
қатысты оны өткізуді тоқтата тұру, өнімді айналымнан алып қою және кері қайтарып алу, сондай-ақ қауіпті өнім партиясын жою жөнінде
жедел шаралар қабылданады.
Өнімнің қауіптілік дәрежесіне қарай материалдар мынадай шараларды қабылдау үшін жолдануы мүмкін: әкімшілік іс жүргізуді бастау
(ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұл салу); сәйкестік туралы декларациялар мен сертификаттардың
қолданысын тоқтата тұру; өнімді толық тәркілеу немесе объектінің қызметіне тыйым салу мәселесін шешу үшін сотқа жүгіну.
2026 жылдың ағымдағы кезеңінде СЭБ департаменті № 46 бұйрық негізінде анықталған қауіпті және таңбаланбаған өнімдер бойынша
сауда субъектілеріне жедел ден қою шараларын қолдану туралы 52 қаулы шығарды.
Егер бақылаушы орган халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылау сатып алуды жүргізудің
белгіленген регламентін немесе рәсімін бұзса, бұл тергеп-тексеруді тағайындау туралы актілерді және оның нәтижелерін жарамсыз деп тануға
әрі олардың күшін толық жоюға заңды негіз болады.
Тауардың қауіптілігі расталған жағдайда мемлекеттік органдар азаматтарға келетін зиянды барынша азайту мақсатында халықты
оны тұтынуға байланысты ықтимал қауіптер туралы хабардар етуге міндетті!








