Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары шығарылды

    1 / 5

    Комитетте алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың 9 айындағы қызмет қорытындылары шығарылып, жылдың қалған кезеңіне арналған басым міндеттер айқындалды.

    Отырыс барысында мемлекеттік экологиялық бақылаудың нәтижелері, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу, экологиялық заңнаманы жетілдіру және аумақтық экология департаменттері жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

    Мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту

    2026 жылдың 9 айында аумақтық экология департаменттері 1145 тексеру жүргізді. Олардың нәтижесінде экологиялық заңнаманың 3202 бұзушылығы анықталып, 1759 нұсқама берілді.

    Жалпы сомасы 95,9 млрд теңгені құрайтын 3020 әкімшілік айыппұл салынды.

    Алқа отырысында тексерулерді жүргізу сапасына, нұсқамалардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға және мемлекеттік экологиялық бақылау шараларының нәтижелілігін арттыруға ерекше назар аударылды.

    Автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу

    Өнеркәсіптік кәсіпорындарда шығарындыларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасуда.

    Мұндай жүйелерді орнатуға міндетті 113 кәсіпорынның 90-ында жабдық орнатылған. Олардың 85-і деректерді Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне жіберіп отыр.

    Бес кәсіпорында деректерді беруді қосу және тестілеу жұмыстары жалғасуда. Тағы 23 кәсіпорында мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр.

    Деректерді беру талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдануда. Бүгінгі таңда деректерді бермегені үшін жалпы сомасы 30,8 млн теңге болатын 48 әкімшілік айыппұл салынып, өндіріп алынды.

    Экологиялық заңнаманы жетілдіру

    2026 жылы экологиялық реттеу тетіктерін жетілдіру, бақылау рәсімдерін цифрландыру және табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту жұмыстары жалғастырылды.

    Атап айтқанда, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату және деректерді беру талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу тетіктерін жетілдіруге және бақылаушы органдардың өкілеттіктерін ажыратуға қатысты заңнамалық өзгерістер пысықталуда.

    Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуды және қоршаған ортаға теріс әсерді кезең-кезеңімен азайтуды көздейтін ең үздік қолжетімді техникаларға және кешенді экологиялық рұқсаттарға көшіру жұмыстары жалғасуда.

    Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту

    Отырыста өнеркәсіптік қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы мәселелеріне жеке назар аударылды.

    Ластаудың негізгі көздерінің ерекшеліктерін, маусымдық өзгерістер мен метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, ауа сапасын жақсарту жөніндегі кешенді шараларды әзірлеу қажеттілігі қаралды.

    Аумақтық департаменттерге атмосфералық ауаның жай-күйін талдау және ластануды азайту жөнінде нақты шешімдер әзірлеу үшін жергілікті атқарушы органдармен және «Қазгидромет» РМК-мен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

    Өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту аясында 597 іс-шараны қамтитын 19 жол картасы әзірленді. Оның 276 іс-шарасы іске асырылды.

    Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою

    2026 жылы 2715 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 2565-і, яғни 94%-ы жойылды.

    Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 239 лауазымды тұлға жалпы сомасы 24 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Аумақтық департаменттердің басым міндеттері

    Алқа отырысының қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

    Мемлекеттік экологиялық бақылаудың сапасын арттыруға, нұсқамаларды уақтылы орындауға, автоматтандырылған мониторинг жүйелерінен деректердің үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға елеулі әсер ететін кәсіпорындарға бақылауды күшейтуге, сондай-ақ анықталған қоқыс үйінділерінің уақтылы жойылуын қадағалауға ерекше мән берілді.

    Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру, орындаушылық тәртіпті сақтау және халықпен ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеттері қойылды.

    Аумақтық департаменттер қызметінің тиімділігі ең алдымен қоршаған ортаның ластануын азайтуға және өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған нақты нәтижелер бойынша бағалануға тиіс екені атап өтілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары