Әлеуметтік желілерде жарияланған жазба, пікір немесе өзгенің материалын бөлісу (репост жасау) ұлтаралық, діни араздықты қоздыру немесе терроризмді насихаттау белгілері анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Интернет қолданушыларының қандай әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес құқық бұзушылық болып саналатыны және ол үшін қандай жаза көзделгені туралы 018.kz тілшісіне Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Өмірханов айтып берді.
Сарапшының сөзінше, әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанымен, интернет кеңістігінде де заң талаптарын сақтау маңызды.
«Әлеуметтік желіде жазба жариялау, пікір қалдыру немесе өзгенің материалын бөлісу Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын мазмұн мен тарату мән-жайлары анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деді Мақсат Өмірханов.
Қазақстанда мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 174 және 256-баптарында қарастырылған.
Қандай жарияланым қылмыстық іс қозғауға негіз болуы мүмкін?
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе діни сезімдерін қорлауға, сондай-ақ адамдардың белгілі бір белгілері бойынша артықшылығын немесе кемдігін насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттер үшін жауапкершілік белгіленген.
Мұндай әрекеттер көпшілік алдында, соның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жасалған жағдайда, 2 000-нан 7 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда бес жылдан он жылға дейін, ал аса ауыр зардаптарға әкелген жағдайда 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Терроризмді насихаттағаны үшін бөлек жауапкершілік көзделген
ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы терроризмді насихаттау, террористік акт жасауға жария түрде шақыру, сондай-ақ террористік сипаттағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату әрекеттеріне қатысты қолданылады.
Мұндай әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Егер қылмыс әлеуметтік желілерді, онлайн-платформаларды немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасалса, мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кез келген репост қылмыс болып санала ма?
Дегенмен сарапшы маңызды жайтқа назар аударды. Өзгенің жазбасын әлеуметтік желіде бөлісу фактісінің өзі адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын білдірмейді.
«Әрбір репост автоматты түрде қылмыс болып саналмайтынын түсіну қажет. Адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін нақты қылмыс құрамының белгілері, соның ішінде жарияланған материалдың мазмұны, адамның қасақана әрекеті және ақпараттың таралу мән-жайлары анықталуы тиіс», – деп түсіндірді Мақсат Өмірханов.
Сарапшы интернет қолданушыларын әлеуметтік желілерде жариялайтын және бөлісетін ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Оның айтуынша, кез келген материалды таратпас бұрын мазмұнын мұқият тексеріп, зорлық-зомбылыққа, терроризмге, ұлтаралық немесе діни алауыздықты қоздыруға шақыратын жазбаларды таратудан аулақ болған жөн.
«Интернеттегі әрекеттер үшін жауапкершілік күнделікті өмірдегі әрекеттер үшін жауапкершілікпен бірдей. Виртуалды кеңістікте жасалған құқық бұзушылықтың да нақты құқықтық салдары бар», – деп түйіндеді Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры.
Материал Абай облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









