Түркістан қаласындағы Б. Саттарханов атындағы спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен жастар арасындағы XXX халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Биыл 30-шы рет ұйымдастырылып отырған мерейтойлық жарысқа еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Грузия мемлекеттерінен 1000-ға жуық жас спортшы қатысуда.
Салтанатты жиында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысушыларды жарыстың ашылуымен құттықтап, жас балуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ спортшыларды әділ бәсекеде жоғары шеберлік танытып, өзара тәжірибе алмасуға шақырды.
4–8 қараша аралығында өтетін халықаралық дода жас спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына және өз спорттық әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, 2007–2008 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар 11 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
Айта кетейік, турнир Түркістан облысы әкімдігінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының және №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









