ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНА АРНАЛҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ

    1 / 4

    Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен талқылауға арналған мәжіліс өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева, «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Инара Намазбаева, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

    Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе талқылау, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды саралау, алдағы басымдықтарды айқындау және өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу.

    Алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланысты нығайту, қоғамдық бастамаларды қолдау және өңірдің әлеуметтік дамуына азаматтық сектор өкілдерін кеңінен тарту мәселелеріне тоқталды.

    – Елдің дамуы – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз қажет. Бүгінде Түркістан облысында 830 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара сенім мен тиімді әріптестік арқылы ғана көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз. Бүгінгі мәжіліс нақты ұсыныстар айтылып, алдағы бірлескен жұмысымыздың бағыттары айқындалатын нәтижелі диалог алаңы болады деп сенемін, – деді Жанар Әлібекқызы.

    Сонымен қатар жиында қоғам қайраткері Жамалбек Шәріпбек, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев және «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

    Мәжілістің ашық пікір алмасу бөлімінде қатысушылар өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту бағыттары, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық мәселелерді шешудегі рөлі және мемлекеттік органдармен әріптестікті одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасты. Қойылған сұрақтарға жауап беріліп, бірқатар ұсыныс айтылды.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары