Отырар ауданында Түркістан облысының дін істері басқармасы жүзеге асырып жатқан «Рухани керуен» жобасы аясында тұрғындармен рухани-танымдық кездесу өтті.
Іс-шара ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту, жастардың адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлу және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар қатарында белгілі ғалым, PhD докторы Қайрат Құрманбаев, жайдарманшы әрі блогер Бақдәулет Жаманқұлов, актер әрі әнші Дәурен Абдиев, сондай-ақ Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов болды.
Басқосуға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және жергілікті тұрғындар да қатысты.
Жиын барысында отбасы институтын нығайту, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, ұлттық салт-дәстүрлердің қоғамдық маңызы және рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды.
Арнайы шақырылған қонақтар кәсіби және өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, жас ұрпақтың бойында ізгілік, отансүйгіштік, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қоғамдағы өзара түсіністік, татулық пен азаматтық жауапкершіліктің ел бірлігін сақтаудағы рөлі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында деструктивті діни идеологиялардың таралу себептері, олардың жеке адам мен қоғамға тигізуі мүмкін зардаптары, сондай-ақ теріс діни ықпалдан сақтану жолдары жөнінде ақпарат берілді. Қатысушыларға діни мәселелерде сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты сенімді дереккөздерден алу және зайырлылық қағидаттарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара аясында «Қаралы күннің қаһарманы» атты бейнефильм көрсетіліп, оның мазмұны бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы шақырылған мамандардан жауап алды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, рухани тәрбие, ұлттық құндылықтар және қоғамдық келісім бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына назар аударды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









