Астана қаласында 7-9 қараша аралығында ересектер арасында кураш күресінен XV әлем чемпионаты өтеді. Бұл беделді халықаралық дода Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі 7 қараша күні сағат 17:00-де Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Байрақты бәсекеге әлемнің 67 елінен 400-ге жуық спортшы, сондай-ақ жаттықтырушылар, төрешілер, спорт саласының мамандары мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.
Қатысушы мемлекеттер саны бойынша бұл кураш күресінен әлем чемпионаттарының тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Үндістанның Пуна қаласында өткен XIII әлем чемпионатында тіркелген. Аталған додаға 60 елдің өкілдері қатысқан.
Әлем чемпионатының негізгі белдесулері 7-9 қараша аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жарыстар күн сайын сағат 10:00-де басталады.
Спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі.
Ерлер арасындағы салмақ дәрежелері: 60 кг, 66 кг, 73 кг, 81 кг, 90 кг, 100 кг, 120 кг және 120 кг-нан жоғары.
Әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері: 48 кг, 52 кг, 57 кг, 63 кг, 70 кг, 78 кг, 87 кг және 87 кг-нан жоғары.
Бозкілемде әлемнің үздік кураш балуандары, оның ішінде әлем және Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары өзара мықтыны анықтайды.
Кураш – Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бүгінде бұл спорт түрі халықаралық деңгейде кеңінен танылып, әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









