ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ПАРААРМРЕСТЛИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ

    1 / 4

    Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өткен пара армрестлингтен XXVIII әлем чемпионатында Түркістан облыстық мүгедектігі бар адамдарға арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Әлемдік додада клуб өкілдері 6 медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық жеңісіне өз үлестерін қосты.

    Биылғы 27 қазан мен 3 қараша аралығында өткен тартысты жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте І орынға ие болып, әлем чемпионы атанды.

    Жастар арасында бақ сынаған түркістандық параспортшылардың бірі Әсемай Әшімбек 50 келі салмақ дәрежесінде сол және оң қолмен күресуден екі алтын медаль жеңіп алды. Ал Заңғар Ералиев 65 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қос қолмен күресіп, екі күміс жүлдеге қол жеткізді.

    Ересектер арасында Салтанат Қонысова 70 келі салмақ дәрежесінде сол қолмен күресуден қола медаль иеленсе, Дилором Дыханова 60 келі салмақ дәрежесінде оң қолмен күресуден үшінші орын алды.

    Осылайша, спорт клубының өкілдері әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.

    Спортшылардың бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, табандылық пен қайсарлықтың нәтижесі. Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған жерлестеріміздің жеңісі өңір спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары