Қостанай облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады.
Жұмысымыздың негізгі бағыттары – республикалық бюджет қаражаты есебінен зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау, мүгедектікті анықтау мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ халыққа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызмет сапасы мен лицензиялануын бақылау.
Департамент 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның 15-і республикалық бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар тағайындауға, ал 1 қызмет мүгедектікті белгілеуге қатысты.
2026 жылдың тоғыз айында зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі әлеуметтік төлемдерді тағайындау және қайта қарау бойынша 68 мыңнан астам істі қарады. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде заңнама талаптарының сақталуына және олардың негізділігіне ерекше назар аударылады.
1 қазандағы жағдай бойынша облысымызда мүгедектігі бар 29 833 адам тіркелген. Тоғыз ай ішінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 6 140 адамды мүгедектігі бар адам деп таныды, оның ішінде 1 203-і – бала. Алғаш рет мүгедектігі бар деп танылғандардың саны – 1 783 адам, оның ішінде 375 бала.
Сырттай проактивті форматта 3 940 адам куәландырылды, бұл жалпы көрсеткіштің 54,2%-ын құрайды.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына сәйкес техникалық көмекші құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өтініш білдірген азаматтарды қамтамасыз ету деңгейі 79%-ды құрады.
Мемлекеттік бақылау аясында 51 тексеру жүргізіліп, 155 заңбұзушылық анықталды, 40 нұсқама берілді. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 14 субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бақылау жұмыстары, оның ішінде инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, оңалту іс-шараларын іске асыруға және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету талаптарының сақталуына бағытталған.
1 қазандағы жағдай бойынша облыста арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық 43 ұйым лицензия алған. Олардың қызметтерін 6 414 адам пайдаланады.
Ағымдағы жылы Департаментке сәйкестік туралы декларацияларды келісу жөнінде 139 өтініш келіп түсті. Оның 46-сы келісілді, 79 өтініш бойынша келісуден бас тартылды немесе өтініш берушілер өз өтініштерін кері қайтарып алды.
Департаменттің қызметі азаматтардың әлеуметтік құқықтарын сақтауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және Қостанай облысы тұрғындары үшін әлеуметтік қорғау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









