Қордай ауданында сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқу семинары өтті
2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауына дайындық аясында ағымдағы жылғы 5 қарашада Қордай аудандық мәдениет үйінде аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқу семинары өтті.
Оқыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бекітілген оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Сайлау үдерісіндегі заңнамалық өзгерістер және мәслихат депутаттары сайлауының негізгі аспектілері» тақырыбында дәріс оқып, Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің мазмұнын, олардың жұмыс барысында қолданылу ерекшеліктерін және сайлау комиссияларының өкілеттігі мен мәртебесіне байланысты өзгерістерге түсіндірме берді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Боранбаев округтік және учаскелік сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру мәселелері мәселелеріне тоқталды.
Комиссия мүшесі Мейіржан Сембеков электоралдық кезеңдегі ақпараттандыру және үгіт-насихат жүргізудің құқықтық тәртібі бойынша дәріс оқыды. Тыңдаушылар әлеуметтік желілердегі ақпарат тарату ерекшеліктері, үгіт жүргізудің заңды тетіктері және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сайлау күні байқаушылармен, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыс жүргізудің құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелері жөнінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков дәріс оқып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.
Комиссия мүшесі Еркін Жапаров сайлау барысында туындайтын құқықтық мәселелер мен сайлаудағы өтініштерді қарау тәртібі мен құқықтық тәуекелдердің алдын-алу мәселелерін кеңінен түсіндірді.
Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын қаржыландыру жөнінде аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаев дәріс оқып, сайлау қорларын қалыптастыру, қаржылық есептілік жүргізу, заң талаптарын сақтау және қаржылық ашықтық қағидаттарына тоқталды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов округтік және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастырудың негізгі аспектілері, сайлау қорытындылары және практикалық ұсынымдар туралы түсіндіріп, тыңдаушылар практикалық тапсырмалар арқылы өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, Қордай ауданының прокуратура өкілі Алмас Борантаев «Сайлау заңнамасын қолдану практикасы: прокуратура органдарының рөлі» туралы және полиция бөлімінің өкілі Сәкен Амирбеков «Сайлау комиссиясы мен ішкі істер органдарының іс-қимыл алгоритмі» туралы түсіндірме берді.
Семинар бағдарламасының ерекшелігі теориялық білім мен практикалық жұмыстардың ұштасуында болды. Әрбір тақырып бойынша тыңдаушылар сайлауды әзірлеу мен өткізу барысында кездесуі мүмкін жағдайларды талдап, құқықтық шешім қабылдау жолдарын қарастырды.
Бағдарлама аясында өткізілген «Kahoot» платформасы арқылы интеллектуалдық топтық сайыс тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызып, оқу барысында алған білімдерін бекітуге және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды.
Оқу семинары барысында тыңдаушылар тарапынан сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тәртібі, көру, есту және жүріп-тұру қабілеті бұзылған азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау, сондай-ақ сайлау комиссияларының осы бағыттағы міндеттері бойынша бірқатар сұрақтар қойылды.
Қойылған сұрақтардың барлығына Қазақстан Республикасының қолданыстағы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Оқыту қорытындысы бойынша тыңдаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сайлау процесін заң талаптарына сай ұйымдастыруға бағытталған әдістемелік көмек көрсетілді.
Семинар соңында тыңдаушылардан қорытынды тестілеу алынып, оқу барысында меңгерген білім деңгейлері бағаланды.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан кері байланыс алынып, оқу бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізілді.
Оқуды сәтті аяқтаған барлық тыңдаушыларға белгіленген үлгідегі электрондық сертификаттар табысталды.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









