Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында қала тұрғындары екі мәселе көтерді. Оның бірі - Жібек Жолы көшесіндегі он қабатты тұрғын үйдің жылумен қамтылуына қатысты болса, екіншісі - Красин көшесінде орналасқан «Grand Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі.
Қала тұрғыны өз үйіндегі жылу мәселесін алғаш рет қаңтар айында облыс әкіміне жеткізген. Оның айтуынша, жылу тек төртінші қабатқа дейін жетіп, одан жоғары қабаттардағы жылу құбырлары суық болған. Жүргізілген тексеру нәтижесінде жылу үйге белгіленген температуралық кестеге сәйкес берілгенімен, ғимарат ішінде біркелкі таралмайтыны анықталды.
Мәселені шешу үшін пәтерлердегі жылу тораптары ауыстырылып, сегізінші және тоғызыншы қабаттардағы тік құбырлардың диаметрі ұлғайтылды. Сондай-ақ 29 қазанда сорғы жаңасына алмастырылды. Тұрғынның айтуынша, жөндеу жұмыстарынан кейін батареялар жылына бастағанымен, мәселе толық шешілген жоқ.
Мамандар ортақ жылу торабының жабдықтарын тексеріп, тұрғындармен келісе отырып, әр қабат пен пәтердегі жылу жүйесін реттеуді ұсынып отыр.
Ал «Grand Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына қаржы салған азаматтар нысан құрылысын аяқтау жолдарын талқылау үшін аймақ басшысына жүгінді. 2023 жылдан бері жобаға 104 адам қаражат салған. Биыл мамыр айында үлескерлер «Ustroy dom» тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрды. Қазіргі уақытта кооператив құрамына 76 адам кірген, тағы 26 азамат өтініш берген.
Қазір кооператив өкілдері аяқталмаған тұрғын үй кешенін жер учаскесімен бірге өз қарамағына беру мәселесі бойынша қалалық прокуратураға жүгінуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар құрылыс салушымен өзара келісім негізінде нысанды ерікті түрде беру мүмкіндігі де қарастырылуда. Нысан кооперативке берілген жағдайда, құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін инвесторлар мен мердігерлер тарту көзделген.
Нұрымбет Сақтағанов өтініш иелеріне сумен жабдықтау мәселесін шешуге және жарықтандыру орнатуға көмектесуді тапсырды. Сондай-ақ сейсенбі күні тұрғындармен қайта байланысып, алдағы іс-қимылдарды бірлесіп талқылауды міндетін қойды.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









