Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді. Тұрғындарға келтірілген шығын 2,5 млрд теңгеден асты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық Полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Қаскөйлер көбіне телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады. Өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға, SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтуға көндіреді. Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар мен фишингтік сілтемелер арқылы да алдайды.
Зардап шеккендердің 32,5 пайызы – жалдамалы қызметкерлер, 25 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 пайызы – зейнеткерлер.
Полицияны алаңдататын мәселелердің бірі – дропперлік. Жыл басынан бері банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша аударымдарына пайдалануға берген 24 адам жауапқа тартылған. Олардың есепшоттары арқылы 13 млн теңгеден астам қаражат өткен. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында бұл әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жыл басынан бері Telegram арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыс тіркелді. Екі елдің ІІМ бірлесіп жүргізген операция аясында қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың ақшасын алдап иемденген колл-орталықтардың ұйымдастырушылары ұсталды. Олардың әрекетінен зардап шеккен алты адам ШҚО-да анықталған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Өңірде киберқылмыстың алдын алу шаралары да күшейтілген. ІІМ-нің 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламасы аясында төрт республикалық жедел алдын алу шарасы өткізіліп, 86 қылмыс ашылды. Жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды.
Ал 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасатын «Стоп-мошенник» акциясы аясында 300-ден астам рейд ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам ақпараттық парақша таратылды. Кездесулер мен түсіндіру жұмыстары 74 мыңға жуық тұрғынды қамтыды. Сонымен қатар 1,5 мыңнан астам азамат eGov арқылы несие мен қарыз алудан ерікті түрде бас тартты.
Алаяқтықтың алдын алуда жедел әрекеттің де маңызы зор. Өскеменде такси жүргізушісі жолаушысының күмәнді ақша аударуына тосқауыл қойған. Ал «Темірлан» сауда үйінде полиция қызметкерлері «Антифродцентр» жүйесі арқылы әйелдің шамамен 10 млн теңгені алаяқтарға жіберуіне жол бермеді.
Банктерді, байланыс операторлары мен құқық қорғау органдарын біріктіретін Ұлттық антифрод-орталық та жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мұнда күмәнді операцияларға қатысты 2,8 мың инцидент тіркелген. Нәтижесінде 120 млн теңгеден астам қаражаттың ұрлануына жол берілмей, тағы 20 млн теңгеден астам сома бұғатталды.
Полиция тұрғындарға ешкімге SMS-кодтар мен құпиясөздерді атйпауды, белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармауды ескертеді. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы хабарласу қажет. Ал алаяқтарға ақша аударылған жағдайда дереу банк пен полицияға жүгінген жөн.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








