Астанада тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің жолын кесуге бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар жалғасуда.
Жыл басынан бері қоқысты белгіленбеген орындарға тастау, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзудың өзге де деректері бойынша 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында полиция қызметкерлері азаматтардың темекі тұқылдарын жерге тастап, қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтады. Қоқыс жәшіктері мен арнайы контейнерлердің болуына қарамастан, кейбір тұрғындар қарапайым тазалық ережелерін сақтамай отыр.
Анықталған әрбір дерек бойынша құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Полиция қаланың тазалығы әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталатынын ескертеді. Тіпті жерге тасталған бір темекі тұқылының өзі қоғамдық ортаны ластау болып саналады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және қала тазалығына бейжай қарамауға шақырамыз.
Елорда тазалығы – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз! Таза қала – мәдениетті қоғамның көрінісі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







