Елордада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткі заттарын сақтады және таратты деген күдікке ілінген 19 жастағы қызды анықтап, ұстады.
Күдікті тұрғын үйдің кіреберісінде ұсталды. Кейін оның жалға алған студиялық пәтеріне тінту жүргізілді. Ас үйдегі шкафтан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған пластик ыдыс табылды. Одан бөлек, бөлмедегі аяқ киім қорабының ішінен дәл осындай зат салынған тағы бір ыдыс, сондай-ақ 300-ден астам түйіншек пен есірткі заттарын өлшеп, орауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.
Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен бір келіні құрады. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат мефедрон болып шықты.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қыз есірткі заттарын сақтап, кейін оларды одан әрі тарату үшін басқа тұлғаларға беріп отырған. Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр.
Елорда полициясы ескертеді! Есірткі заттарын заңсыз сақтау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан 102 нөміріне дереу хабарлау сұралады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







