Жұмыс орнындағы ауаның сапасы қызметкерлердің денсаулығына тікелей әсер етеді. Зиянды газдар, химиялық заттардың булары, шаң мен аэрозольдер кәсіптік аурулардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ауаның құрамын жүйелі түрде бақылап, еңбек жағдайларын бағалау маңызды.
Ең алдымен, жұмыс аймағының ауасындағы зиянды заттардың: газдардың, булардың, шаң мен аэрозольдердің мөлшері тексеріледі. Өндірістің ерекшелігіне қарай оларға аммиак, хлор, көміртек тотығы, органикалық еріткіштер және металл қосылыстары жатуы мүмкін.
Сонымен қатар өндірістік ортадағы физикалық факторлар, оның ішінде ауа температурасы, салыстырмалы ылғалдылығы мен қозғалыс жылдамдығы, шу деңгейі және жұмыс орындарының жарықтандырылуы өлшенеді.
Ауа сынамалары зертханалық жағдайда зерттеледі, ал физикалық факторлар арнайы аспаптардың көмегімен өлшенеді. Алынған нәтижелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы гигиеналық нормативтеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланады.
2026 жылдың 9 айында облыстың өнеркәсіптік нысандарында санитариялық қызмет мамандары 2,3 мыңнан астам зерттеу мен өлшеу жүргізді. Физикалық факторлар бойынша 22 жағдайда, ауа құрамындағы газдар мен буларды анықтау бойынша 42 сынамада, сондай-ақ шаң мен аэрозольдердің мөлшерін анықтау бойынша 2 сынамада бұзушылықтар анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік жазалар қолданылып, оларды жою туралы нұсқамалар берілді.
Жұмыс берушілер желдету жүйелерінің үздіксіз әрі жарамды жұмыс істеуін қамтамасыз етуі, өндірістік ортаға тұрақты зертханалық бақылау жүргізуді ұйымдастыруы, ластану көздерін уақтылы жоюы және қызметкерлерді қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуі қажет.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және еңбек жағдайларын жүйелі түрде бақылау — кәсіптік аурулардың алдын алудың және қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың маңызды шаралары.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









