Солтүстік Қазақстан облысының орталығында полицейлер жол-көлік оқиғаларының санын азайтудың жаңа тәсілін енгізуде. 2 қарашадан бастап Петропавлдағы автобус бағыттарының бірінде жылдамдық режимін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін мобильді кешен жұмыс істейді.
Жүргізушілер арасында тараған құрылғы туралы қауесеттің өзі-ақ тәртіпке айтарлықтай ықпал етті. Кешен 29 қазаннан бастап сынақ режимінде жұмыс істеді. Алғашында ол күн сайын жылдамдықты асырудың 15–18 фактісін тіркесе, штаттық режимде жұмыс істеген алғашқы күні бір ғана жағдай анықталды.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев бұл жаңашылдықтың өзектілігін атап өтті:
«Жыл басынан бері Петропавлда 302 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 124-і жаяу жүргіншілерді қағумен байланысты. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 130 адам жарақат алды. № 4А бағыты бүкіл қаланы қамтиды. Оның бойында мектептер, Оқушылар сарайы, Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы және басқа да көптеген әлеуметтік нысандар орналасқан. Қозғалыс қарқыны жоғары болғандықтан, бұл бағытта жол-көлік оқиғасының қаупі де жоғары. Сондықтан жылдамдық режимін қатаң сақтау аса маңызды».
Оның айтуынша, бұл технология жаңалық емес: мобильді кешендер патрульдік көліктерде бұрыннан қолданылады. Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңы бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін техникалық құралдарды жолаушылар тасымалдаушылардың көлік құралдарына да орнатуға мүмкіндік береді.
Кешен тек жылдамдықты асыру фактілерін тіркейді. Құқық бұзушылық туралы деректер автоматты түрде өңделіп, содан кейін жүргізушіге хабарлама жіберіледі. Жыл соңына дейін осындай кешендерді тағы екі автобусқа орнату жоспарланып отыр.
СҚО ПД заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Мұндағы мақсат — айыппұл салу емес, жол жүрісі қауіпсіздігін арттырып, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









