Ауруханадан хабарласу арқылы алдау: СҚО полицейлері тұрғындарға ескерту жасайды

    Солтүстік Қазақстан облысының 40-қа жуық тұрғыны медициналық мекемеден хабарласқан интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Қаскөйлер азаматтарға скринингтен немесе флюорографиядан өту, талдау тапсыру қажеттігін айтып, сенімге кіреді. Алдаудың сылтауы кез келген медициналық процедура болуы мүмкін.

    Одан кейін алаяқтар адамға «электронды кезекке» тіркеуді ұсынады да, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Кодты алған соң, банк, eGov немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қайта хабарласады.

    Азаматқа әлгі кодты айтқаны үшін оның атына біреулер несие рәсімдеп жатқанын айтып, «қатесіз несие» алуға және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Алайда шын мәнінде, ақша алаяқтардың қолына түседі.

    «Қылмыскерлердің азаматтардың жеке мәліметтеріне ие болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Облыста алаяқтардың дерекқорларды бұзып, адамдардың сеніміне кірген жағдайлар тіркелді. Мәселен, олар азаматтардың қандай талдаулар тапсырғанын немесе дәрігер қабылдауына қай уақытқа жазылғанын білген. Есте сақтаңыз: медициналық қабылдауға жазылуды растау үшін ешкімге SMS-кодты айту қажет емес. Егер сізге медициналық мекеме атынан қоңырау шалынса, әңгімені тоқтатып, ақпаратты тексеру үшін учаскелік медбикеге немесе тіркеу бөліміне өзіңізге белгілі нөмір арқылы хабарласыңыз», — деп ескертті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

    Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 443 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 30%-ға аз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары