Петропавлда полицейлер бір кеште 9 жатақхананы тексерді. Рейд «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілді.
Учаскелік полиция инспекторлары тұрмысы қолайсыз отбасыларды, жанжалқойларды, бұрын сотталғандарды және алкогольге салынған азаматтарды тексерді. Барлығы түрлі есепте тұрған 100-ден астам адам назарға алынды.
Нәтижесінде 75 құқық бұзушылық анықталды. Олардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдік ішуге байланысты. Қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 12 адам жауапкершілікке тартылды. Отбасылық жанжал шығарған төрт азамат сот белгілеген мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды бұзып, мас күйде жүрген жерінен ұсталды. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында үш құқық бұзушылық анықталды.
Полицейлер жатақханалардың маңындағы аумақтарды да тексерді. Нәтижесінде абаттандыру қағидаларын бұзудың 13 дерегі тіркелді. Студент көшесіндегі аулалардың бірінде учаскелік инспектор тұрғындармен кездесу өткізіп, абаттандыру мәселелерін талқылады.
Рейдке ювеналды полиция қызметкерлері де қатысты. Олар түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдерге қатысты бес деректі анықтады. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін екі ата-ана жауапкершілікке тартылды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты – жазалау емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір анықталған құқық бұзушылық – қылмыстың немесе жазатайым оқиғаның алдын алуға мүмкіндік. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы рейдтер тұрақты түрде өткізіледі», – дейді СҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Құрман Мусин
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









