Тараз қаласындағы 22 тұрғын үйдің құрылысы бойынша аванспен төленген 1,5 млрд теңге Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін игерілді

    Тараз қаласында «Әулие ата» шағын ауданындағы 22 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша 1,5 млрд теңгеге орындалмаған жұмыстар қалпына келтірілді. ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша қала әкімдігінің құрылыс бөлімі Тиісті шаралар қабылдады.

    Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Жамбыл облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі мердігер ұйымдарға аванс төлеу тәртібін жүйелі түрде бұзғаны анықталды.

    Бюджеттің атқарылу қағидалары бойынша мердігер алынған аванс сомасына сәйкес жұмыстарды толығымен орындауға тиіс. Алайда 2024 жылы төленген аванстар толық игерілмегеніне қарамастан, 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында мердігерлерге тағы да 1,5 млрд теңге аванс төленген. Аудиторлардың пікірінше, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану тәуекелдерін туындатып, шарттық міндеттемелердің орындалуына тиісті бақылаудың болмағанын көрсетеді.

    Сонымен қатар «Бурыл» тұрғын алабында жолға асфальт төсеу кезінде техникалық кеңестің шешімімен жобадан арық науалары мен су ағызу құдықтарын орнату жұмыстары, сондай-ақ асфальттың артық көлемі алып тасталған. Олардың жалпы құны 683,3 млн теңге. Ал жобалау-сметалық құжаттама түзетілмеген. Мұндай өзгерістер конструктивтік шешімдерге әсер етеді және заңға сәйкес оны қайта қарауды талап етеді.

    Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата 1,5 млрд теңгеге орындалмаған жұмыстарды қалпына келтіруді және жобалау-сметалық құжаттамаға қажетті түзетулер енгізуді тапсырды.

    Нәтижесінде «Әулие ата» шағын ауданындағы тұрғын үйлер құрылысы жобасы бойынша жұмыстар толық көлемде орындалды. Ал «Бурыл» тұрғын алабындағы объект бойынша сметаны түзетуге қажетті құжаттар, атап айтқанда, техникалық кеңестің шешімі, салыстырмалы ведомость, енгізілген және алып тасталған жұмыс түрлері бойынша сметалық есептер дайындалды. Бұдан бөлек мердігермен жасалған шарттың сомасы азайтылды.

    Осылайша, бүгінгі таңда аванспен төленген бюджет қаражаты нақты орындалған жұмыстармен расталып, ал асфальт төсеу бойынша шарт құны нақты жұмыс көлеміне сәйкес келтірілді.

    Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы" жаңалықтары