23 қазанда Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында ҚР Жоғары аудиторлық палатасында қызметкерлерге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Адал еңбегі, кәсіби жетістіктері және мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар қызметкері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша төрт мемлекеттік награда табысталды. Үш қызметкер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қаржы министрлігінің ведомстволық төсбелгілеріне, тағы екі қызметкер Жоғары аудиторлық палатаның «Қаржы сақшысы» ведомстволық медаліне ие болды.
Сонымен қатар сегіз қызметкер «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының үздігі» төсбелгісімен, тағы бес қызметкер Жоғары аудиторлық палатаның Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл күн үш жас маман үшін де ерекше болды. Әріптестерінің қатысуымен өткен салтанатты жиында олар мемлекеттік әкімшілік қызметшінің антын қабылдады. Олардың әрқайсысы үшін
бұл – мемлекеттік қызмет жолындағы маңызды кезең әрі халық пен мемлекетке адал және абыроймен қызмет етуге берілген жеке міндеттеменің белгісі.
Мерекелік іс-шараның тағы бір қуанышты сәті – Жоғары аудиторлық палатаның еңбек сіңірген қызметкерлеріне пәтер кілттерінің табысталуы болды.
Мерекелік іс-шара ұжымның кәсібилігіне, өз ісіне адалдығына және мемлекеттік аудит жүйесін дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің көрінісіне айналды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің еңбегі бағаланып, олардың ел өміріндегі маңызды рөлі аталып өтті.








