Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Қырғыз Республикасы Есеп палатасы қызметінің 30 жылдығына арналған ресми іс-шараларға қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды.
Негізгі іс-шара «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары аудит органының рөлі мен орны: тәуелсіздік – тиімділік пен сенімнің негізі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел болды.
Іс-шараға ҚР Жоғары аудиторлық палатасының өкілдерімен қатар Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Түркия және басқа да елдердің жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ диалогқа INTOSAI Даму бастамасының (IDI) мамандары қосылды.
Қырғызстан Есеп палатасының төрағасы Алмазбек Акматовты, іс-шараға қатысушыларды және әріптестерді кәсіби мерейтойымен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Амангелді Есенов құттықтады. Ол ведомствоның елдің дамуына елеулі үлес қосып, қаржылық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік ресурстарды тиімді басқаруға ықпал етіп келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Қырғыз Республикасының Есеп палатасы – ел ішінде де, халықаралық аудиторлық қоғамдастықта да құрметке ие, беделді мемлекеттік аудит институты», — деді ол.
Амангелді Есенов ведомствоның мемлекеттік аудиттің кәсіби және құқықтық негіздерін нығайту, халықаралық стандарттар мен INTOSAI қағидаттарын енгізу бағытындағы кәсіби қызметін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы «Қырғыз Республикасының Есеп палатасы туралы» конституциялық заңның қабылдануы. Бұл заң Палатаның тәуелсіздігінің құқықтық кепілін нығайтты.
Амангелді Есенов атап өткендей, Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Қырғызстанның Есеп палатасы арасындағы ынтымақтастық өзара сенім, құрмет және қолдау қағидаттарына негізделген.
Екі ведомствоның өзара іс-қимылының көпжылдық тарихы бар және екіжақты форматта да, INTOSAI, ASOSAI, TURKSAI және басқа да халықаралық алаңдар аясында да табысты дамып келеді.
«Біздің ынтымақтастығымыз туралы меморандумға сонау 2008 жылы қол қойылды. Ал биыл 16 қыркүйекте Астанада меморандумды жаңарттық. Біз мұны жай ғана құжатты жаңарту емес, әріптестігіміздің жаңа кезеңінің бастауы деп білеміз», — деп түйіндеді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі.
Дөңгелек үстел аясында Жоғары аудиторлық палата өкілдері жоғары аудит органының тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы Қазақстан тәжірибесімен бөлісті. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында Палатаның мәртебесі көтеріліп, өкілеттіктері кеңейді.
Қазіргі уақытта Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік басқару тиімділігіне, жергілікті бюджеттерге аудит жүргізеді. Ал 2025 жылдан бастап аудит жүргізу аясына бюджеттен тыс қорлар да енді.
Палатаның тәуелсіздігі биыл аяқталған әріптестік бағалау нәтижелерімен де расталды. Бағалауға Литва, Португалия жәнеТүркиядан келген кәсіби аудиторлар қатысты. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі 2025 жылы жүргізген PEFA бағалауының нәтижелері бойынша Қазақстан «Сыртқы аудит» компонентінен B+ бағасын алды.
Қазақстанның мемлекеттік аудит саласындағы алдағы басымдықтары Жоғары аудиторлық палатаның 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиясында көрсетілген. Олар: INTOSAI стандарттарын енгізу, тәуелсіздікті одан әрі нығайту, аудит сапасын арттыру және жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, қызметті толық цифрландыру.









