Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ТҮРКСАИ жарғысына қол қойды

    1 / 2

    Анталья қаласында (Түркия) Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ұйымы – ТҮРКСАИ жарғысына қол қоюдың ресми рәсімі өтті. Іс-шараға Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бастаған қазақстан делегациясы қатысты.

    ТҮРКСАИ ұйымын құру туралы шешім 2025 жылғы қарашада Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жоғары аудит органдары өкілдерінің кездесуінде қабылданған еді. ТМҰ мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан.

    Жаңа кәсіби ұйым түркі кеңістігінде аудит саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Атап айтқанда, білім мен тәжірибе алмасуды жандандыруға, қолданыстағы аудиторлық практиканы жетілдіруге, бірлескен аудиттер жүргізуге және зерттеу жобаларын іске асыруға ықпал етеді.

    ТҮРКСАИ аясындағы ынтымақтастық қазірдің өзінде практикалық іс-шаралармен толыға бастады. Мәселен, Жарғыға қол қою қарсаңында өңірдің практик-аудиторлары үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша білім мен тәжірибе алмасу бағдарламасы ұйымдастырылды.

    Бағдарлама ОДМ аудитінің барлық кезеңін қамтыды. Атап айтқанда, аудит тақырыптарын таңдау және аудиторлық сұрақтарды тұжырымдау, дәлелдемелерді жинау мен талдау, ұсынымдар әзірлеу және олардың орындалуын кейіннен бақылау мәселелері қаралды. Қатысушылар осы саладағы ұлттық тәжірибемен бөлісіп, халықаралық практиканы зерделеді.

    Бағдарламаға Жоғары аудиторлық палатадан аудиторлар, әдіснамашылар және басқа да мамандарды қоса алғанда жеті қызметкер қатысты. Бұл тәжірибе Қазақстанда ОДМ саласындағы аудиттерді жоспарлау және жүргізуде қолданылады.

    ТҮРКСАИ жарғысына қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Түркия Есеп сотының президенті Метин Йенерге жылы қабылдауы және іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

    Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы жаңа құрылымды түпкілікті ресімдеу шамамен бір жыл бұрын Ыстанбұлда қабылданған шешімдердің заңды жалғасы екенін атап өтті.

    «Бүгін біз маңызды қадам жасап, қол жеткізген уағдаластықтарды ТҮРКСАИ ұйымның қызмет ету қағидаттарын, бағыттары мен тәртібін айқындайтын негізгі құжатпен бекітіп отырмыз. Ұйымның практикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері мол. Жарғыға қол қою ұзақ мерзімді әріптестіктің берік кепілі болады деп сенемін», — деді Әлихан Смайылов.

    Бүгінде мемлекеттік қаржы саласы жылдам өзгеріп келеді, жаңа сын-қатерлер туындап отыр. Бұл мемлекеттік ресурстарды басқарудың жаңа тәсілдерін және аудиттің барынша жетілдірілген әдістерін талап етеді.

    Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы атап өткендей, қоғам мемлекеттік қаражат пен активтерді басқаруда тиімділік пен ашықтықтың артуын күтеді. Мұндай жағдайда жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие болып, ТҮРКСАИ осы бағыттағы жаңа әрі маңызды алаңға айналады.

    « Достыққа, сенімге, тілектестікке және түркі бауырластығының рухына негізделген осындай ынтымақтастық қана жоғары аудит органдарымызға қазіргі заманғы сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге және мемлекеттеріміздің дамуына лайықты үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді Ә. Смайылов.

    Сонымен қатар ТҮРКСАИ жарғысына қол қою түркі мемлекеттері жоғары аудит органдарының ынтымақтастық тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін атап өтті.

    «Енді біздің уағдаластық берік институционалдық негізге ие, ал алдымызда бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктері ашылады», — деп түйіндеді Палата төрағасы.

    Ресми рәсімнен кейін ТҮРКСАИ-ға қатысушы елдердің жоғары аудит органдарының басшылары ОДМ-ға арналған симпозиумға қатысты. Делегаттар ОДМ-ға қол жеткізудегі мемлекеттік аудиттің рөлін, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін аудит нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

    ҚР Жоғары аудиторлық палатасы ТҮРКСАИ-дың алдағы жұмысына белсенді қатысуға ниетті. Бұл Қазақстанда мемлекеттік аудитті дамыту үшін озық практиканы игеруге және түркі мемлекеттеріндегі әріптестермен кәсіби байланысты жүйелі түрде нығайтуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы" жаңалықтары