
Қазақстандық делегация 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Бельгия, Нидерланд және Францияда өткен «Мемлекеттік аудит, мемлекеттік қаржыны басқару және бюджеттік жоспарлаудағы заманауи тәсілдер: еуропалық тәжірибе» атты халықаралық семинарға қатысты.
Бағдарлама аясында Қазақстан өкілдері Бельгия, Нидерланд және Францияның жоғары мемлекеттік аудит органдарының, парламенттерінің, атқарушы билік органдары мен муниципалитеттерінің, сондай-ақ Еуропалық одақ институттарының тәжірибесімен танысты.
Семинардың негізгі бағыттарының бірі бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік шығыстардың тиімділігін бағалауға қатысты заманауи тәсілдерді зерделеу болды. Бельгияның Есеп сотында бюджет шешімдерін алдын ала бағалауға, тақырыптық аудиттер жүргізуге және аудиторлық ұсынымдардың іске асырылуын бақылауға ерекше назар аударылды. Роттердам қаласының Есеп палатасында қатысушылар муниципалдық деңгейдегі аудит жүргізу тәжірибесімен және қалалық бағдарламаларды бағалау кезінде тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін қолдану тәсілдерімен танысты.
Парламенттік бақылау мен қоғамдық қаржыны басқаруға ерекше назар аударылды. Бельгия Федералдық парламенті Өкілдер палатасының, Фламанд парламентінің, Еуропалық парламент пен Еуропалық комиссия өкілдерімен кездесулер бюджеттерді қалыптастыру және орындау, мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау және олардың есептілігін қамтамасыз ету механизмдерін зерделеуге мүмкіндік берді.
Қаржылық мүддені қорғау және бюджет қаражатының заңсыз пайдаланылуына жол бермеу маңызды тақырыптардың бірі болды. OLAF-пен өткен кездесу барысында Еуропалық одақ бюджетімен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу механизмдері қарастырылды.
Францияның Есеп сотында қазақстандық делегация қаржылық аудит, сәйкестік аудиті және тиімділік аудитін жүргізу тәжірибесімен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігін бағалау тәсілдерімен танысты.
Семинар барысында аудитті цифрландыруға, деректерді талдауға, тұрақты дамуға және ESG есептілігіне ерекше назар аударылды. Бұл тәжірибе Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіру, бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру және қаржылық бақылаудың заманауи құралдарын дамытуда практикалық маңызға ие.
Семинар сондай-ақ тәжірибе алмасу және Еуропаның мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда кәсіби алаңға айналды.









