Қарағанды облысында кәсіпкерлік бастамаларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау ауыл-аймақтың дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашып отыр. Енді Осакаров тұрғындары бет күтімі бойынша кәсіби кеңес алу үшін облыс орталығына бармай-ақ, қажетті қызметті өз кентінде пайдалана алады. Аудан әкімінің гранты кәсіпкерлік жобалармен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық маңызы бар бастамалардың да жүзеге асуына мүмкіндік беруде. Соның бірін қолға алған жас кәсіпкер туған кентінің тазалығына үлес қосуды мақсат етіп, қоқысты бөлек жинау ісін ұйымдастыруға кірісті. Келешекте жиналған қалдықтарды қайта өңдеуге жіберуді көздеп отыр.
Экологиялық бастаманың авторы Нұрболат Діннұр ауыл тұрғындарының қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.
Аудан әкімінің грантына ие болған тағы бір жоба қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған. 20 жастағы Дайана Көшкімбаева Осакаровта бет терісіне кәсіби күтім жасайтын сұлулық студиясын ашты. Орталықтың ерекшелігі – терінің жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық жабдықпен жарақтандырылуы. Оның көмегімен терінің жағдайын, ылғалдылық деңгейін бағалап, әр адамға жеке күтім жасау жөнінде нақты ұсынымдар беруге болады.
«Даму» қорының қаржылай қолдауы кәсіпкер Арман Байғашқаровқа сауда кәсібін кеңейтуге мүмкіндік берді. Ол кәсіпкерлік жолын үй жанындағы шағын дүкеннен бастаған. Кейін ғимараттың екінші қабатын салып, «Айболит» отбасылық супермаркетін ашты. Мұнда ауыл тұрғындары күнделікті қажетті тауарларын сатып алып қана қоймай, балаларымен бірге уақыт өткізе алады. Кішкентай келушілер үшін құрғақ бассейні мен ойын кешендері бар арнайы алаң жасақталған.
Сонымен қатар кәсіпкер екінші қабаттағы бос орындарды жалға беріп отыр. Бұл өз кәсібін бастағысы келетін басқа тұрғындарға мүмкіндік беріп қана қоймай, кентте жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









