ҚАЗАҚСТАНДА 3 500-ДЕН АСТАМ НЫСАНДА ВАКЦИНАЛАРДЫ САҚТАУ ШАРТТАРЫ ОНЛАЙН БАҚЫЛАНАДЫ


    Вакциналарды сақтау және тасымалдауды бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесі нақты уақыт режимінде 3 500-ден астам нысандағы және вакциналарды тасымалдайтын 800-ден астам автокөліктегі температуралық режимді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

    Жаңа жүйе вакциналарды Бірыңғай дистрибьютор қоймаларынан медициналық ұйымдарға дейін жеткізудің барлық кезеңінде қажетті температуралық режимнің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

    Температура көрсеткіштері ауытқыған жағдайда жүйе бұл туралы жедел ақпарат беріп, қажетті шараларды уақтылы қабылдауға жағдай жасайды.

    «Вакцинациялаудың қауіпсіздігі ең алдымен препараттарды дұрыс сақтау мен тасымалдаудан басталады. Біздің міндетіміз – вакциналарды жеткізудің әрбір кезеңінде бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету. Бұл медициналық ұйымдарға препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып жеткізілуіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.



    Осы мақсатта вакциналар сақталатын нысандар ақпаратты бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жіберетін арнайы температура датчиктерімен жабдықталады.

    Көлік құралдары вакциналарды тасымалдау барысын бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлермен жабдықталады.

    Жүйені алдын ала іске қосу 2026 жылғы қарашаға жоспарланған.
    Цифрлық мониторинг вакциналарды сақтау сенімділігін арттыруға, оларды тасымалдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге және иммунопрофилактика жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Жобаны іске асыру денсаулық сақтау саласын цифрландырудың және медициналық өнімдердің сапасын бақылауды күшейтудің тағы бір маңызды кезеңі болмақ.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары