2027 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу тетіктері кеңейтіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан алдын ала хабарламастан жоспардан тыс үлгі алу тәртібін көздейтін заңнамалық нормалар күшіне енеді.
Сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен субъектілердің қызметін және тіркеу куәліктерінің қолданысын уақытша тоқтату тетіктері қарастырылған.
Жаңа тетіктер заңбұзушылықтарды жедел анықтауға, тиісті шаралар қабылдауға және сапасыз өнімдердің айналымға түсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Қазақстанда дәрілік заттарды мемлекет бастамасымен тіркеудің жаңа заңнамалық тетігі енгізілуде.
Енді бұл рәсім өндірушінің тиісті өтінімін күтпей-ақ басталуы мүмкін. Жаңа тетік аясында Бірыңғай дистрибьютор сатып алған тіркелмеген 112-ден астам препаратты тіркеу жұмыстары басталды.
Бұл пациенттер үшін қолжетімді дәрілік заттардың тізбесін кеңейтіп, ауыр және сирек кездесетін ауруларды қоса алғанда, қажетті емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – фармакологиялық қадағалауды цифрландыру. Елімізде дәрілік препараттарды қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды жинауға және талдауға арналған цифрлық жүйе әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Ол медициналық ақпараттық жүйелермен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық деректер базасымен интеграцияланған.
Сонымен қатар вакцинациялаудан кейінгі жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды тіркеуге арналған жеке цифрлық сервис әзірленді. Бұл ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға, келіп түскен ақпаратты талдауға және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, жұмыс екі негізгі бағыт бойынша қатар жүргізілуде: қажетті дәрілік препараттарға қолжетімділікті арттыру және олардың айналымының барлық кезеңінде бақылауды күшейту.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









