СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ҚЫТАЙДЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРІМЕН ТХКБ-НЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН БІРЛЕСКЕН ҚОР ҚҰРУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

    1 / 4

    Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы аясында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытай Халық Республикасының қаржы министрі Лань Фоаньмен кездесті. Келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға арналған бірлескен инвестициялық қор құру мәселесі негізгі тақырыптардың бірі ретінде талқыланды.

    Бұл бастаманы Қазақстан тарапы биыл шілде айында Шанхайда өткен Қазақстан мен Қытай басшыларының кездесуінде көтерген болатын. Қазіргі уақытта нысаналы көлемі алдын ала 200 млн АҚШ долларына дейін белгіленген және кейіннен ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған қазақ-қытай тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі пысықталып жатыр.

    Серік Жұманғарин қорды іске қосуды жеделдету мақсатында оның қызметіне қатысты ортақ тәсілдерді әзірлейтін екі елдің жауапты қаржы институттарын айқындауды ұсынды.

    «Уағдаластықтардан жобаларды іс жүзінде қаржыландыруға көшу үшін тұтас қазақ-қытай қаржылық архитектурасын қалыптастыру қажет. Қазіргі уақытта бірін-бірі толықтыратын бірнеше тетік құрылып жатыр. Олардың әрқайсысы нақты міндеттерді шешуі тиіс», – деп атап өтті вице-премьер.

    Әңгіме қазіргі уақытта қалыптасып жатқан үш негізгі қаржыландыру тетігі туралы болып отыр. Атап айтқанда, Silk Road Finance Corporation қатысуымен Kazakh Invest Fund құру, «Бәйтерек» ҰИХ пен Silk Road Fund қатысуымен қазақ-қытай тікелей инвестициялар қорын қалыптастыру, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰИХ, Қазақстанның Даму банкі, China Development Bank, China EximBank, Bank of China, ICBC, Sinosure және басқа да қаржы институттарының қатысуымен жобаларды қарыздық қаржыландыру және сақтандыру тетіктерін дамыту көзделген.

    Аталған тетіктердің жұмысын үйлестіру мақсатында Серік Жұманғарин жаңа ұйым құрмай-ақ, жобалық қаржыландыру мен сақтандыруға арналған бірыңғай қазақ-қытай «терезесін» құруды ұсынды.

    «Жұмыс істеп тұрған және құрылып жатқан тетіктерді жаңа ұйым ашпай-ақ, жобалық қаржыландыру мен сақтандырудың бірыңғай қазақ-қытай “терезесі” арқылы біріктіруді ұсынамын. Бұл әрбір басым жоба бойынша ұзақ мерзімді кредиттеуді, сақтандыру өтемін, кепілдіктерді, юаньмен қаржыландыруды және қажет болған жағдайда үлестік қатысуды қамтитын кешенді қаржылық пакетті қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді вице-премьер.

    Ұсынылған тетікті іс жүзінде сынақтан өткізу үшін бірнеше пилоттық жобаны айқындап, оларды инвестициялық шешім қабылдау кезеңінен бастап қаржыландыруға дейінгі барлық сатыда сүйемелдеу жоспарланып отыр. Бұл ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру мерзімін ұзартатын жүйелі кедергілерді анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.

    Тараптар басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселесінде Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен (China EximBank) өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанның көлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық маңызы бар жоба пысықталып жатыр.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары