ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

    1 / 4

    Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, автомобиль жолдарының бойын тазалау, жасыл желектерді көбейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде 6 494 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 710 мыңнан астам тұрғын қатысты.

    «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының басты мақсаты – елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау қағидаттарын орнықтыру және тазалықты қоғамның күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл бастама көшелер мен қоғамдық орындарды тазалаумен ғана шектелмей, азаматтардың туған жер алдындағы жауапкершілігін арттыруға, табиғи және тарихи құндылықтарды сақтауға, өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге бағытталған.

    Осы орайда Түркістан облысында экологиялық іс-шаралардың ауқымы кеңейіп, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыратын жаңа бастамалар қолға алынуда. Әсіресе тарихи орындарды күтіп ұстау, жол бойындағы тазалықты қамтамасыз ету, ауыл-аймақты абаттандыру және халқымыздың асар дәстүрін жаңғырту бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде.

    Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың бастамасымен Қазығұрт, Отырар және Бәйдібек аудандарында «Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Акция аясында жергілікті тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен белсенді азаматтар тарихи-мәдени нысандардың, қасиетті орындар мен көне ғимараттардың ішкі және сыртқы аумақтарын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

    Түркістан облысы тарихи ескерткіштер мен киелі орындарға бай өңір. Сондықтан тарихи мұраларды сақтау, олардың айналасындағы тазалықты қамтамасыз ету және келешек ұрпаққа лайықты күйде жеткізу маңызды міндеттердің бірі саналады. «Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат» акциясы тарихи сананы қалыптастыру мен экологиялық жауапкершілікті ұштастыратын бастама ретінде ерекшеленеді. Өйткені тарихи ескерткіштерді қорғау – ұлттық құндылықтарды сақтау, ал олардың айналасын таза ұстау – сол құндылықтарға деген құрметтің нақты көрінісі.

    Сонымен қатар өңірде автомобиль жолдарының бойын тазалау және елді мекендердің сыртқы келбетін жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Сайрам және Төлеби аудандарында «Жол жиегі – ел келбеті» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер мен тұрғындар белсенді қатысты.

    Акцияның негізгі мақсаты – автомобиль жолдарының жиектерін тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы санитарлық жағдайды жақсарту, елді мекендердің кіреберіс аумақтарын ретке келтіру және тұрғындардың қоғамдық тазалыққа деген жауапкершілігін арттыру. Жол бойындағы тазалық – кез келген өңірдің келбетін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Әсіресе туристік және транзиттік әлеуеті жоғары Түркістан облысы үшін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының айналасын таза ұстау ерекше мәнге ие. Себебі өңірге келетін қонақтар мен жолаушылардың алғашқы әсері жол бойындағы көрініс пен елді мекендердің тазалығына байланысты қалыптасады.

    Бұдан бөлек, Түркістан облысында халқымыздың ежелден қалыптасқан асар дәстүрін жаңғырту арқылы ауыл-аймақты көркейтуге бағытталған бастамалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қазығұрт және Түлкібас аудандарында «Асарлату» атты экологиялық акция өткізілді. Оның басты мақсаты – тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, ауылдардың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосуға шақыру, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және өзара ынтымақтастықты нығайту.

    «Асарлату» акциясы тұрғындардың өздері өмір сүретін ортаның тазалығына тікелей атсалысуына мүмкіндік береді. Бұл бастама арқылы әрбір азамат ауылдың көркеюі мен қоғамдық кеңістіктердің тазалығы тек тиісті мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін түсінеді. Мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні де зор. Әсіресе жастардың үлкендермен бірге қоғамдық жұмыстарға қатысуы еңбекқорлықты, ұйымшылдықты, туған жерге деген сүйіспеншілікті және табиғатқа жанашырлықты қалыптастыруға ықпал етеді.

    Сондай-ақ Ордабасы ауданында «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» атты экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған акция тарихи ескерткіштер мен мемориалдық нысандардың айналасын таза ұстауға, тарихи-мәдени мұраларды қорғауға және тұрғындардың ел тарихындағы көрнекті тұлғаларға деген құрметін арттыруға бағытталған.

    Тарихи тұлғаларға құрмет көрсету – олардың есімдерін ұлықтаумен қатар, сол тұлғаларға қатысты мәдени және мемориалдық нысандарды күтіп ұстау, тарихи орындардың көркін сақтау және кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» акциясы экологиялық мәдениет пен тарихи жадыны ұштастыратын маңызды қоғамдық бастама болып табылады.

    Алдағы уақытта «Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат», «Жол жиегі – ел келбеті», «Асарлату» және «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» акцияларын Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында өткізу жоспарланып отыр.

    Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Түркістан облысында жыл басынан бері 6 494 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 710 мыңнан астам адам қатысты. Тазалық және абаттандыру жұмыстарына 1 222 арнайы техника жұмылдырылды. Аталған кезеңде облыс аумағында 332 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 375 гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ 379 мың тонна қоқыс шығарылды.

    Бұл көрсеткіштер өңірде қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың ауқымын айқындайды. Туған жердің тазалығы – баршаға ортақ міндет. Ал табиғатты аялау, тарихи мұраны сақтау және қоршаған ортаға жанашырлық таныту – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары