Жетісу облысынада полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл ретте жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілердің де жолдағы тәртібіне ерекше назар аударылады.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары жолды белгіленбеген жерден кесіп өту деректерін анықтауда. Жыл басынан бері өңірде осындай 9 487 құқық бұзушылық тіркелген.
Әсіресе, жол қозғалысы ережелерін бұзып, балаларға теріс үлгі көрсететін ересектердің әрекеті алаңдатады. Өйткені өскелең ұрпақ көбіне үлкендердің іс-әрекетіне қарап бой түзейді.
Жолда қауіпсіздік талаптарын елемеу орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жаяу жүргіншінің жолға кенеттен шығуы жол-көлік оқиғасына себеп болып, өзінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолды тек белгіленген орындардан кесіп өтуге шақырады. Жол қауіпсіздігі әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын ұмытпаған жөн.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









