Атакент кентіндегі республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойында орналасқан көпірде асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталып, көлік қозғалысы ашылды.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Мақтаарал ауданы тұрғындарымен кездесуінде көпір мәселесі көтерілген болатын. Осыған байланысты облыс әкімі нысанды қысқа мерзімде пайдалануға беру жөнінде тапсырма берген еді. Тапсырмаға сәйкес, құрылыс жұмыстары жеделдетіліп, небәрі үш күн ішінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.
А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Көпірдің жалпы ұзындығы – 25,4 метр, ал жол бөлігінің ені – 9 метр. Жобаның жалпы құны 358 миллион теңгені құрайды. Мердігер мекеме – «TM-Bussine group» ЖШС.
Бастапқыда көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың өтінішін ескере отырып, көлік қозғалысын мерзімінен бұрын ашу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта көпірдің асфальт жабыны төселіп, автокөліктердің өтуіне мүмкіндік жасалды. Нысандағы қалған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жыл соңына дейін толық аяқталады.
Көпірдің көлік қозғалысы үшін ашылуы Атакент кенті мен оған іргелес елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Тұрғындар көпірдің мерзімінен бұрын көлік қозғалысына ашылғанын қуанышпен қабылдап, бұл шешімнің күнделікті қатынас үшін маңыздылығын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









