Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы өтіп жатыр.
Форум аясында Түркістан облысының әкімдігі мен «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингі арасында өңірде мақта кластерінің екінші кезеңін іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжатқа Түркістан облысы атынан облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ал инвестор тарапынан «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингінің директоры Сюй Цзе қол қойды.
Меморандум «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Тараптар өзара іс-қимылды теңдік, еріктілік, өзара тиімділік, ұзақ мерзімді тұрақтылық және экологиялық орнықтылық қағидаттары негізінде жүзеге асыруға келісті.
Айта кетейік, тараптар мақта кластері жобасының бірінші кезеңі аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатты. 2026 жылғы шілде айының соңында инвестор бірінші кезең бойынша құрылыс жұмыстарын толық аяқтады. Нәтижесінде Түркістан облысында заманауи мақта өсіру базасы құрылды.
Сонымен қатар мақта өңдеу, поливинилхлорид (ПВХ) құбырларын өндіру, су үнемдеу жабдықтарын шығару және тұқым өңдеу бағыттарын қамтитын төрт өндірістік және қосалқы нысанды салу әрі пайдалануға беру жоспарланған.
Мақта кластерінің екінші кезеңі аясында инвестор өңірге салынатын инвестиция көлемін ұлғайтып, мақта өндірісінің толық технологиялық тізбегін қалыптастыруды көздеп отыр. Жобаны қаржыландыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Екінші кезең шеңберінде өңірде заманауи мақта өсіру базасын дамыту көзделген. Жоба аясында ақылды егіншілік жүйелері, тамшылатып суару және суды үнемдейтін технологиялар, сондай-ақ экологиялық таза өндіріс тәсілдері кеңінен енгізіледі. Бұл сапалы мақта өндіру көлемін арттыруға, саланың технологиялық деңгейін көтеруге және экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мақтаны терең өңдеу бағыттарын дамытуға басымдық беріледі. Атап айтқанда, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мата тоқу, үй тоқыма бұйымдарын шығару, бояу және әрлеу, сондай-ақ дайын киім өндіру кәсіпорындарын іске қосу жоспарланып отыр.
Осылайша, жобаның екінші кезеңі мақта өсіруден бастап, оны иіру, мата тоқу, бояу және әрлеу, дайын киім шығаруға дейінгі барлық өндірістік үдерісті қамтитын толық циклді өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған.
Инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, мақта шаруашылығын әртараптандыруға, өнімді терең өңдеу үлесін ұлғайтуға және ресурстарды тиімді пайдаланатын заманауи өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық-өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге серпін береді.
Инвестор екінші кезең бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастауды жоспарлап отыр. Құрылыс мерзімі – екі жыл.
Тараптар жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асырып, өндірістік нысандарды пайдалануға беруге және оның экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге ниетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









