Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде қоғамдық келісім мен мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған екі күндік семинар өз жұмысын бастады. «Мәдениетаралық коммуникация – қоғамдық оптимизмді нығайтудың факторы ретінде» тақырыбындағы семинарға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева ашып, өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол Түркістан облысында тұратын 2 миллионнан астам тұрғынның бірлігі мен өзара сыйластығы өңірдің басты құндылығы екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілге құрмет көрсету мен өзге тілдерде сөйлейтін азаматтардың құқықтарын құрметтеу қоғамдық келісімнің маңызды негізі екенін жеткізді.
Семинарды «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Ұласбекқызы жүргізді. Кездесуде саяси ғылымдар докторлары, қоғам қайраткерлері мен медиация саласының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтқанда, «Шаңырақ» кафедралар қауымдастығы» РҚБ төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы ғылыми-білім беру орталығының директоры Наталья Калашникова, ҚР Парламентінің экс-сенаторы Әлішер Сатвалдиев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің практик-доценті Әсем Қайдарова, Түркістан облыстық медиация кеңесінің мүшесі Жұлдыз Өтегенова және облыстық ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов баяндама жасады.
Сонымен қатар қатысушылар пікір алмасып, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









